Түркістан облысының полицейлері оқушыларға дәріс өткізіп жатыр
Түркістан облысында 17 ауданның полиция басшылары оқушылармен кездесіп, буллинг, есірткі мен зорлық-зомбылық тақырыбында ашық сұқбаттасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасы бойынша тәртіп сақшылары оқушыларға дәріс өткізді.
Яғни бір ай ішінде полицейлер білім беру және жұртшылық өкілдерімен бірлесіп Түркістан облысының 17 қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде, оның ішінде Түркістан қаласында, Сауран, Сайрам, Шардара, Төлеби, Сарыағаш және басқа да аудандарында ашық сұқбаттар ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер қылмысын азайту, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл, сондай-ақ оқу орындарына барған кезде жол қозғалысы ережелерін сақтау.
Мектеп оқушыларымен кездесулер барысында полицейлер әлімжеттік, нашақорлық деген не және олар қандай жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін айтып, құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қолданылатынын ескертті.
Сақшылар жастардың бір-біріне құрметпен қарауына және мектеп пен қоғамдағы мінез-құлық ережелеріне жекелей тоқталды.
Сондай-ақ полицейлер кәмелетке толмағандарға темекі мен алкогольдік ішімдіктерді сатуға, кешкі және түнгі уақытта көшелерде және қоғамдық орындарда ересектердің еріп жүруінсіз жүруге, көлік жүргізуге, суық қару алып жүруге тыйым салынатынын, есірткі мен психотроптық заттарды қолданудан сақтану керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Оқушылар полицейлерден өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Тәртіп сақшылары мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырып отыруды жоспарлаған.
Оған қоса мамандар жастарды қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, бос уақыт бола қалса пайдалы істермен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді.