Алматы облысында ер адамнан 3 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді
Алматы облысының полицейлері шамамен сегіз мың бір реттік доза болатын синтетикалық есірткіні заңсыз айналымнан алып тастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қазан күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданы ПБ КПБ-мен бірлесіп, Бәйтерек ауылынан 45 жастағы ер адамды ұстады . Оның үйін тінту барысында ішінде ұнтақ тәрізді ерекше иісті заты бар 5 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.
Сараптама нәтижелері бойынша тәркіленген зат қарапайым адамдар арасында “жылдамдық” деп аталатын Альфа PVP синтетикалық есірткісі болып шықты. Ал жалпы салмағы шамамен 3 келіні құрады.
Айта кету керек, арнайы іс-шара барысында полицияға белгісіз ер адамның есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтаумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түскен.
– Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігі бойынша Еңбекшіқазақ аудандық полициясында тіркелді. Түпкілікті процестік шешім қабылдау үшін сараптамалық тексерулер тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы шеңберінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.