Астанада тұрғындардың ақшасын алаяқтықпен иемденіп алған күдікті анықталды
Астанада тұрғындардың ақшасын алаяқтықпен иемденіп алған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны полицияға хабарласып, белгісіз ер адам оның сенімін пайдаланып, алаяқтық жолмен 79 мың теңгесін иемденіп алғанын хабарлаған.
Әйел танымал хабарландырулар орналасқан веб-сайтта желдету жүйесін орнатушының контактілерін тауып, хабарласқан.
Мекенжайға келіп, бағасын келіскен шебер өлшемдерін алып, тапсырыс берушіден алдын ала төлем алған. Сөйтіп сенімді болған жәбірленуші әйел оған ақшасын төлеп те үлгерген. 5 айға жуық уақыт тапсырыстың орындалуын күткен жәбірленуші амалы тауысылып, тәртіп сашыларына жүгінген.
Бұл жағдай бойынша жедел-іздестіру шарасын ұйымдастырған Алматы аудандық полицейлері алаяқтықпен айналысқан 38 жастағы ер адамды күдікті ретінде анықтаған.
Белгілі болғандай, шебердің үй мен дәмханаларға желдету жүйесін жүргіземін деп уәде беріп, тұтынушылардан алдын ала төлем алып, “ізін суытқаны” анықталды. Тергеу барысында аталған азамат осыған ұқсас төрт фактіні жасағаны үшін сотты болған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам кінәсін мойындады, оның Астанада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.