Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда ҰОС ардагері Оранғали Есенғазиевке арналған ескерткіш тақта орнатылды

Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, милиция полковнигі Есенғазиев Оранғали Есенғазыұлына отбасымен бірге тұрған үйдің қасбетіне ескерткіш тақта орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиынға Алматы қалалық ПД-ның басшылығы, жеке құрамы және ІІО-ның ардагерлері қатысты.

Аты аңызға айналған азамат туралы бүгінде ҚР ІІМ құрметті ардагерлері, Оранғали Есенғазиевтің әріптестері өз естеліктерімен бөлісті. Оранғали Есенғазиев 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Батбақұл ауылында дүниеге келген. Ол балалар үйінде тәрбиеленді. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түскен.

1941-1946 жылдары жұмысшы-шаруа қызыл армиясы қатарында болып, батарея командирі дәрежесіне дейін көтерілді. ҰОС ардагері құқық қорғау органдарында 1947 жылдан бері қызмет етті. Соғыс аяқталғаннан кейін елдегі қылмыстық жағдай нашарлады, бандитизм мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың өсуі артты. Осыған орай, елімізде майдангерлерді полиция жұмысына белсенді тарту қолға алынды. Есенғазиев бандитизмге қарсы күрес бөліміне (БҚК) жедел уәкілдің көмекшісі болып қабылданып, қажетті жедел дағдыларды меңгерді.

Көп ұзамай арнайы білім алу үшін Алматыдағы КСРО ІІМ-нің офицерлер мектебіне оқуға жіберілді. Оқуды бітіргеннен кейін ол негізгі құрам курсының меңгерушісі болып қалды. Мұнда ол курсанттарды өзіне жүктелген міндетті орындауға жұмылдыра алатын, талапты командир екенін көрсетті. Кіші командирлермен жұмыс істеуге де жеткілікті көңіл бөлді.

1978 жылы милиция полковнигі шенімен зейнеткерлікке шықты.

Ұлы Отан соғысының ардагері 2016 жылы дүниеден өтті. Оранғали Есенғазиев жайлы естеліктерді ІІО-ның ардагерлері мен полиция қызметкерлерінің жас буыны ешқашан ұмытпайды.

Оранғали Есенғазиев әскери және еңбек ордендерімен марапатталған: Бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет», «Біздің Жеңіс үшін» (РФ), 50-ден астам медаль және төсбелгі, оның ішінде жауынгерлік және еңбектегі ерлігі үшін де марапатталған. Сондай-ақ ҚР ІІМ мен КСРО ІІМ, Алматы қаласы әкімдігінің, Мәскеу қаласы Үкіметінің, Орталық және Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру