Қостанай облысының полицейлері мектеп оқушыларына 2 мыңнан астам фликер таратты
Қостанай облысының полицейлері мектеп оқушыларына 2 мыңнан астам фликер таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара жол қауіпсіздігі апталығы аясында ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына тәртіп сақшылары автокөліктің жарық шамдарына шағылысатын фликерлерді табыстады. Сонымен қатар балаларға жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын жарақаттардың алдын алу бойынша ережелер айтылды.
Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметінің қызметкері Айнұр Жұмағұлованың айтуынша, балалар мен ата-аналардың назарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, әсіресе күн қысқарған уақытта аудару қажет. Ол үшін өңірдің барлық мектептерінде көлік көп жүретін қиылыстарда тәртіп сақшылары оқушыларға фликерлер табыстады.
Жыл басынан бері Қостанай облысында ЖКО-да 102 жасөспірім зардап шекті, олар түрлі жарақат алды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аймақта 13 қарашада басталды. Осы уақытта полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтауға бағытталған алдын алу шараларына көбірек көңіл бөлетін болады.
Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де назар аударады. Жыл басынан бері өңірде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 140 ЖКО болған, 17 адам қаза тауып, 130 адам зардап шекті.
Акция барысында полиция қызметкерлері 2 мыңнан астам фликер таратты.