Ақтөбе облысы ПД-ның емханасында ІІО ардагерлеріне тегін қызмет көрсетіледі
Ақтөбе облысы ПД-ның емханасында ІІО ардагерлеріне тегін қызмет көрсетіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы аумағында қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету бағытында қызмет еткен 3000-ға жуық ішкі істер органдарының ардагері бар. Олардың көпшілігі жас полицейлерді тәрбиелеуге, өңірдегі тыныштықтықты қамтамасыз ету ісіне әлі де азаматтық үлесін қосып келеді.
Полиция ардагерлерінің мол еңбегін бағалау, бастысы, еңбегінің зейнетін көретін кезеңде басты байлық – денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету – басты назарда.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің емханасы бар госпиталі ІІО ардагерлеріне кезек күтпей, тиісті ем-шараларын көрсетуді жүзеге асырады. Мұнда келген қаралушылар терапевт, лор, окулист, кардиолог, дерматолог, хирург сияқты дәрігерге жүгініп, талдаулар, флюрографиялық тексеру және УДЗ қызметтерін тегін пайдаланады.
Сондай-ақ госпитальде дәрігердің тағайындаған емін стационарда тегін қабылдауға мүмкіндіктер жасалған. Мұнда тек зейнеткерлер үшін арнайы жабдықталған 4 төсек-орындық палаталар бар.
– Емханасы бар госпиталь тек Ақтөбе қаласындағы ғана емес, аудандардағы ардагерлер үшін де қызмет етеді. Әрбір ардагеріміздің денсаулығының сақталуы, оларға емдеу шаралары мен қызметтерін уақтылы көрсету ерекше назарда. Біздің емханада оларға медициналық қызмет тегін көрсетіледі, – дейді департаменттің емханасы бар госпиталінің бас дәрігері Асхат Исаев.
– Денсаулығымыз сыр бере бастаса, осы өзіміздің ауруханамызға келіп ем аламыз. Үйдің қасындағы ауруханаға бармаймын, себебі ол жақта адам көп, кезекке тұру керек. Ал, осы жерде кезектен тыс барлық мамандардан ем алуға болады. Медбикелер сыпайы, күлімсіреп жүреді, дәрігерлер де көмегін аямайды, – деді ІІО ардагері Сергей Боранбаев.