Қызылордалық жедел уәкілдер бұзақылық жасаған күдіктіні ұстады
Қызылордалық жедел уәкілдер бұзақылық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 29 қараша күні сағат 19:00 шамасында қала аумағында, Ы.Жақаев көшесінде болған. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге бейтаныс азаматтар келіп, сөйлесу барысында өзара жанжалдасқан. Бейтаныс адамдардың бірі екі жасөспірімді өткір затпен жарақаттап, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы күдіктінің жеке басын анықтап, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде бұрын соттылығы бар 19 жастағы азамат ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігімен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Аталған баптың санкциясымен күдіктіге қатысты үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.