ІІМ-де Шырақбек Қабылбаев туралы кітаптың таныстырылымы өтті
Ішкі істер министрлігінің мұражайында «Министр Қабылбаев» деп аталатын кітаптың таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Естелік жинағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының ішкі істер министрі болған, ұзақ жылдар бойы ерен еңбек еткен Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертеді.
Туындының авторлары – ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Мирлан Қызылов пен журналист Дәулет Сейсенұлы.
– Шырақбек Қабылбайұлының ғұмыры еліміздің ішкі істер органдарының тарихымен тығыз байланысты. Атап айтсақ, ішкі істер саласында 30 жылдан астам қызмет етіп, оның ішінде 11 жылдан астам ішкі істер министрі қызметін атқарған. Министрлік басшылығының және өз атымнан осы кітапты шығаруға атсалысқан кітап авторларына және Шырақбек Қабылбайұлының туыстарына алғысымды білдіремін. Бұл кітап өзінің сансыз оқырмандарын табатынына сенімдімін, – деді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов.
Айтулы шарада офицердің туыстары мен жақындары да бой көрсетті.
Ішкі істер органдары тарихында жарқын із қалдырған тұлғаның есімі өшпей, оның табандылығы мен еңбекқорлығы жастарға үлгі болары сөзсіз.