Ювеналды полиция инспекторы жасөспірімдермен жұмыс істеу барысында жинаған тәжірибесімен бөлісті
Адамның тәрбие алып, тұлға болып қалыптасуы – ең алдымен отбасынан басталады. Оның кейінгі дамуына қоғамдық институттар, мәдени орта және басқа да факторлар әсер етеді. Бұны кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар жақсы біледі. Петропавл қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінде қызмет атқарып Жанат Мұстафина жасөспірімдердің тәртібінің нашар болуына не себеп екенін айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жанат Мұстафина кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор лауазымында 2021 жылдан бастап қызмет етіп келеді.
– Өзім қызмет көрсететін учаскеде үш мектеп пен бір колледж орналасқан. Екі жыл ішінде Алматы қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім ұйымына жасөспірімдерді жіберу үшін төрт рет материал жинадым. Әр жағдай әр түрлі. Бірақ олардың барлығына ортақ бір себеп бар – ащы суды сіміруді әдетке айналдырған ата-аналардың балаларға салғырт қарауы, – дейді Жанат.
Мұндай жәйттерге көзі үйренген Жанаттың айтуынша, ата-аналардың балаларының тәрбиесімен айналыспауынан тағы бір мәселе туындауы мүмкін. Тұрмысы қолайсыз отбасыдан шыққан жасөспірімдер жасы үлкенірек жастардың көзіне түседі. Үйлерінде болғаннан гөрі «үлкен ағаларының» жанында уақыт өткізгенді қалайды.
Осындай жағдай колледждердің бірінің 16 жастағы оқушының отбасында болған. Ата-анасы ажырасқан, үйдегі жағдай мәз емес. Сабаққа келмеу, үйден кетіп қалу, ұсақ бұзақылық, дүкендерде ұсақ ұрлық жасау сияқты теріс қылықтар жасауға көшкен. Өйткені үнемі оның жанында «көшедегі бауырлары» болған. Бірде оның достары орта жасты алқымдаған ер адамды ұрып тастаған. Абырой болғанда, ер адам аман қалып, есін жиған. Бірақ татуласу мүмкін болмады. Жасөспірім көп ұзамай заңмен көзделген айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік арқалады.
Полицейлер ер баламен алғаш рет үйінен кеткен уақыттан бастап жұмыс істей бастады. Оның ісі білім ошағындағы профилактикалық кеңесте, кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Дегенмен бұдан да сабақ алмады. Үлкендердің сөзіне құлақ аспай, тыңдаудан қалған. Бірақ оны көшенің әсерінен қорғаудың жалғыз амалы – арнайы мектепке орналастыру болды.
– Проблеманы уақытылы анықтау – біз үшін жетістік. Біз жуырда осындай жағдай қайталануы мүмкін бір отбасыны полицияның есебінен шығардық. Отанасы спирттік ішімдікке бет бұра бастағандықтан қызы үйден кетіп қалуды ойлап жүрген. 13 жастағы қызды өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастыруға тура келді. Қуанышқа орай, анасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия берген уақытты ұтымды пайдаланып, ішімдіктен бас тартты, тұрақты жұмыс тапты. Отбасыны есептен шығарсақ та, үнемі хабарласып тұрамын. Анасы қызының тәрбиесіне көңіл бөле бастады. Қызы да анасының жанында болғанына қуанып жүр, – дейді Жанат.
Жанаттың ойынша, ата-анасының қамқорлығы мен махаббатын көріп жүрген балаларды тура жолдан тайдыру өте қиын. Полиция инспекторы колледждердегі дәрістері мен мектептердегі сынып сағаттарында алдын алу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Заң бұзу үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы ескертеді. Есірткі таратушылар мен интернет-алаяқтар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде жастарды іздеп жатқан уақытта жас буынның криминалдық бизнеске кіруін болдырмау өзекті мәселе саналады. Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жастардың көпшілігі жауапты, білім алуға құштар. Жастарды қылмыс пен құқық бұзушылықтар қызықтырмаса да, сырттан төнген қауіптер жоқ емес.
Өскелең ұрпақты бүгінгі күннің қаупінен қорғау үшін Жанат Мұстафина мен оның әріптестері күн сайын таңғы жиналыстан соң өздерінің учаскелеріне аттанып, проблемалы отбасыларға бас сұғады, түнгі рейдтік іс-шараларға қатысады. Олар түрлі оқиғалармен бетпе-бет келеді, әр жағдайды ден қойып ұғынып, қажетті шараларды қабылдайды.
Егжей-тегжейлі тексеру, әр нәрсені бөлек-бөлек қарап, соңында дұрыс шешім қабылдау – Жанат ювеналдық полицейге қажет осындай қасиеттерді тергеу бөлімінде қызмет атқарып жүрген кезінде жинақтаған.
– Қызметімнен үйренгенім – әр жасаған қадамыма жауапкершілікпен қарау. Полицияда қызмет атқару – азаматтардың тыныштығы, құқықтық тәртіпті сақтау, әділдік орнату үшін және ең бастысы Отанымыздың амандығы үшін жауапты болу, – дейді полиция қызметкері.