Астана полицейлері ұрлық жасаған күдіктілерді анықтады
Астана полицейлері ұрлық жасаған күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 35 жастағы қала тұрғынын анықтады. Ол Алпамыс көшесінде орналасқан хостелдердің біріне кіріп, есіктің ашық қалғанын пайдаланып Huawei Р20 телефонын, тон мен спорттық костюмді жымқырып, жәбірленушіге 200 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
Аталмыш факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қала көлемінде бұрын жасалған өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Сондай-ақ Астанада IPhone ұрлаған ер адам ұсталды.
Астана қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде телефон ұрлады деген күдікпен елорданың 18 жастағы тұрғынын құрықтаған.
Тергеу барысында ер адамның кешкі намаз уақытында қаладағы мешіттердің бірінде iPhone 13 Рro max телефонын байқап, жымқырып кеткені белгілі болды. Жәбірленушінің назары басқа жақта болған сәтті пайдаланып, ер адам телефонды жасырын ұрлап, мешіттен шығып кеткен.
Келтірілген шығын 700 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұрын сотталған жігіт мойындау көрсетпелерін берді. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласы ПД тұрғындарға өз мүліктеріне мұқият болуды ескертіп, қараусыз қалдырмауға кеңес береді.