Ақтөбе облысында жолда қалған шетелдік азамат өзіне көмектескен полицейлерге алғысын білдірді
Ақтөбе облысында жолда қалған шетелдік азамат өзіне көмектескен полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қаңтарда Ақтөбе – Астрахань автожолын патрульдеу кезінде Ақтөбе облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Байғанин ауылының Ноғайты ауылына жақын жерде жолдың маңында тұрған жүк көлігін байқаған.
Жүргізушімен сөйлесіп, мән-жайды анықтау барысында полицейлер көлік рөлінде болған 40 жастағы Өзбекстан азаматы көлігінің балшыққа батып қалуына байланысты бір тәулікке жуық уақыт жолда қалғанын анықтаған.
Ташкент қаласынан Ресейге қарай бара жатқан жүргізуші ұзақ уақыт бойы жол жүргендіктен, көлігін тоқтатып, біраз тыныстамақ болған. Бұл ретте, жолдағы жүргізушілерге кедергі болмас үшін ол көлігін жолдан түсіріп қоймақшы болған. Алайда, сол күнгі ауа райының қолайсыздығы, яғни тұман мен жауын-шашын салдарынан көру мүмкіндігі төмендеп, көлік балшыққа батып қалған.
Мән-жайды анықтаған полиция қызметкерлері жолда қиын жағдайда қалған шетелдікке дереу көмек көрсетуге кіріскен. Олар өз күшімен арнайы көлік шақыртып, өзбекстандық азаматтың балшыққа батқан жүк көлігін шығарған.
Жаңа жыл түнін жолда қарсы алған шетелдік азамат полиция аға лейтенанты Сатыбалды Серахметов пен Олжас Талиповқа көрсеткен көмегі үшін шын жүректен алғыс сөздерін жеткізіп, сапарын жалғастырды.