СҚО полицейлері көлік басқару құқығынан айырылған 22 мас жүргізушіні ұстады
СҚО полицейлері көлік басқару құқығынан айырылған 22 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың 12 айында Солтүстік Қазақстан облысы аумағында мас күйінде көлік жүргізген 1164 жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар мас жүргізушілердің кінәсінен 29 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алды.
– Көлік құралдарын мас күйінде басқару – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың бірі. Күн сайын аталған құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігінің санкциясы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады, – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Бұдан басқа, жыл қорытындысы бойынша бұрын көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және мас күйіндегі адамдардың көлік құралдарын жүргізуінің 22 фактісі тіркелді. Бұл – Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346-бабына жататын қылмыстық құқық бұзушылық. Осы баптың 1-бөлігі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бөлімшелері қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды анықтау және жолын кесу, соның ішінде мас жүргізушілерді анықтау бойынша профилактикалық жұмысы жалғасуда. Еске салайық, жаңа жыл мерекесінде облыс бойынша мас күйінде рульге отырған 5 адам ұсталды.