Жезқазған полицейлері өзгенің ГАЗель көлігін мас күйде айдап кеткен тұрғынды ұстады
Жезқазған полицейлері өзгенің ГАЗель көлігін мас күйде айдап кеткен тұрғынды ұстады. Ол қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жезқазған қаласында қала тұрғыны мас күйде есігі ашық қалған ГАЗель көлігін айдап кеткен. Алайда ол алысқа кете алмады, көлікті басқара алмай жақын маңдағы көлікті соққан. Оқиға туралы хабар Жезқазған қалалық ПБ кезекші бөліміне келіп түсті. Жедел-іздестіру нәтижесінде полиция күдіктіні ұстады.
ҚР ҚК-нің 200-бабы бойынша (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тұрғын ӘҚБтК-тің 608-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, өткен жылы Жезқазған ПБ қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін 8238 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның 89-ы ӘҚБтК-тің 608-бабы бойынша және қаланың үш тұрғыны – бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізушілердің мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін жауапты болған.