СҚО-да “динамолықтар” балалар мен жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен турнир ұйымдастырды
Бескөл ауылында балалар мен жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен ашық облыстық турнир өтті. Аталмыш турнирді “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Қызылжар аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебімен бірлесе отырып ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыған дейін өңір халқымен кездесуге келген Ішкі істер министрлігінің басшылығы облыстық полиция департаментіне күреспен айналысып жүрген балалардың спорттық клубына практикалық және әдістемелік көмек көрсетуді тапсырған болатын. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша “Динамо” ДШСҚ-ның облыстық филиалы грек-рим күресінің секциясын қамқорлықтарына алды. Күн сайын жаттығу залдарында шынығып жүрген спортшылардың көпшілігі Отанын қорғауға ниетті, полиция қатарында қызмет атқаруға дайын жастар да бар.
Турнир екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жарыстың ашылу салтанатында қатысушыларды “Динамо” ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Талғат Туғанбаев пен қазақ күресінен Қазақ КСР спорт шебері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов қарсы алып, сәттілік тіледі. Петропавл қаласы мен облыс аудандарынан келген 9 бен 15 жас аралығындағы 60-тан астам жас спортшы 35-тен 65 келіге дейінгі салмақта өз араларында мықтыларды анықтады. Әмір Мәліков, Камиль Суфиянов, Ілияс Бөлегенов, Ерсайын Ерасыл, Денис Глущенко, Жәнібек Сәйпиев, Евгений Кузовкин, Роман Стеценко өз салмақтарында бірнеше белдесулер өткізіп, жеңіске жетті. Турнир жүлдегерлері медальдармен, грамоталармен марапатталды. Ал жеңімпаздар ДШСҚ-ның атынан бағалы сыйлықтар алды.
Балалар мен жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен облыстық турнир өткізу келесі жылға да жоспарланған. Айта кету қажет, “Динамо” ДШСҚ келесі жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтпек.