Полицейді қағып кеткен: Қызылордада мас жүргізуші қолға түсті
Қызылордада полиция қызметкеріне автокөлікпен дене жарақатын келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағыну және орындау – барлық азаматтар үшін міндетті. Алайда заңға бағынбай, билік өкілдеріне қарсылық көрсететін азаматтар бар.
23 қаңтар күні сағат таңғы 05:30 шамасында Қызылорда қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция қызметкерлері Қорқыт ата көшесінің бойында Volkswagen Touareg автокөлік жүргізушісін жол белгілері талаптарын сақтамағаны үшін тоқтауын сұраған.
Алайда ол – полиция талабына бағынбай, қалаға іргелес елді мекендегі Қарауылтөбе ауылына қарай қашып, күріштік алқабына түскен. Тосқауыл жасауға көмекке келген полиция нарядының қызметкері Volkswagen Touareg автокөлігінің алдынан жаяу шығып тоқтатқан уақытта жүргізуші заңды талабына бағынбай, полиция қызметкерін қағып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Дер кезінде «Тосқауыл» арнайы жоспары енгізіліп, кезекші тәулікте 32 жастағы күдікті ұсталып, орта дәрежелі масаң екендігі анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Автокөлік айыптұрақта. Қазіргі таңда билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.