Алматы полициясы жыл қорытындысын шығарды
Алматы полициясы жыл қорытындысын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полициясы өткен жылдың жұмысын қорытындылады.
Күн тәртібінде Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақтылаған мәселелер бар.
Қазақстан Республикасының Президенті өз сөзінде, полицияның елімізде “Заң және Тәртіп” қағидатын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі керек. Сондықтан құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі керек.
– Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың конституциялық құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жазатайым оқиғаларды азайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халықты көші-қонды бақылауды күшейту, есірткі қылмысымен күресу, сондай-ақ жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылық жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды. Ішкі істер министрінің ағымдағы 2024 жылды Кадрлар сапасын арттыру жылы деп жариялауы, басшылардың басты назарын қарамағындағы қызметкерлердің адамгершілік қасиеттерін арттыруға аудару керектігін атап өткім келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруі керек, – деді қорытынды жиында Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Алматы қаласының бас полицейі жиынға қатысушылардың назарын шаһардағы қылмыстық ахуалды жақсартуға бағытталған профилактикалық шараларды күшейтуге, сондай-ақ қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтауға жұртшылықты белсенді тартуға аударды.
Сонымен қатар жиын барысында Арыстанғани Заппаров жергілікті полиция қызметіне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды күшейтуді тапсырды.
– Профилактикалық жұмысты мектеп басшылығымен бірге күшейту қажет. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарту қажет. Балаларға оң тәрбие беру үшін құзырлы қызметтермен бірлесіп, балалардың түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына баруын қамтамасыз ету, олардың сабаққа қатысуын қадағалай алуы үшін бірлескен жұмысты ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар қорқыту, қорлау және бопсалау деректерін анықтау үшін жасөспірімдер мен жастар арасында мақсатты іс-шараларды өткізуге жедел қызметтерді бағдарлауға ерекше назар аудару қажет, – деді Арыстанғани Заппаров.
Спикер құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне де тоқталып, құқық бұзушылықтың алдын алудың толыққанды жүйесін қалыптастыру, олардың жасалу себептерін жою бағытында мақсатты жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.
Жедел кеңестің қорытындысы бойынша ПД басшысы Алматы полициясының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар беріп, қызметте ерекше көзге түскен полиция қызметкерлерін марапаттады.