СҚО полицейлері жол жиегіне түсіп кеткен бензовоздың жүргізушілеріне көмектесті
СҚО полицейлері жол жиегіне түсіп кеткен бензовоздың жүргізушілеріне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 тонна дизельдік жанар-жағармай тасымалдап келе жатқан MAN жүк көлігін омбы қардан шығару жұмыстары бір тәулікке жақын уақытқа созылды.
30 қаңтар күні Айыртау ауданындағы Воскресеновка ауылына жақын жерде тіркемесі бар бензовоздың 27 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол үстінен шығып кетіп, қалың қардан бір-ақ шыққан. Ол «102» арнасына хабарласқан. Оқиға орнына Володарский ауылдық округі әкімдігінің, аудандық полиция және ТЖ бөлімдерінің қызметкерлері келді. Мамандар цистерналардың жай-күйін қарап шығып, дизельдік отынның төгілмегендігіне көз жеткізді.
Жергілікті «Баянтай» ЖШС қарды тазалау үшін жүк тиегішті, ал «Қызылжар жолдары» фирмасы К-700 тракторын жіберді. Алайда ауыр жүгі бар фураны жолға шығару үшін Көкшетау қаласынан автокрандарды шақыруға тура келді. Ауылдық округ әкімі Ермек Қасымғалиев жүргізуші мен оның серіктесіне ыстық тамақ жеткізді. Полиция қызметкерлері жанармай таситын көлікті аязды түнде күзетіп, оқиға орнында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Тоқтаусыз жүргізілген қауырт жұмыс шамамен бір тәулікке созылды. Тек тіркемені ағытқан соң ғана, жүк көлігі шығарылды. Сұйық отынның төгілуіне жол берілмеді. Бәрі аяқталған соң жүргізушілер аман-есен жолға шығып, сапарларын жалғастырды.
– Жүргізушілерді қысқы жолдарда, әсіресе мұз бен жауын-шашын кезінде мұқият болуға шақырамыз. Естеріңізде болсын, қыс мезгілінде жолдың шетін байқамай қалып, жолдан шығып кету қаупі бар. Жылдамдық режимін ұстанып, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтаңыздар, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Марат Серкешев.