Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда есірткі курьері 1 келі мефедронмен ұсталды

«Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мефедрон жеткізу арнасының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен Алматы облысының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде ер адамнан ішінде ерекше иісті ұсақ кристалды ұнтақ зат бар, изолентамен оралған 35 орам тәркіленді. Сондай-ақ оның жалға алған пәтерінен Мерри қызметтік итінің көмегімен 430 оралған пакет табылды.

Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар жалпы салмағы 978 грамм болатын мефедрон психотроптық заты болып шықты. Яғни полицейлер кем дегенде 3260 дозаны құрайтын есірткінің таралуына жол бермеді. Оның қара нарықтағы құны шамамен 36 млн теңге тұрады.

Жауап алу кезінде күдікті заңсыз бизнеске қатысы бар екенін мойындап, мессенджер арқылы есірткі сататын курьер болып жұмысқа орналасқанын айтты. Ол Алматыдан есірткі партиясын алып, Тараздағы жалдамалы пәтерде оларды буып-түйіп, жасырын орындарға қойып шыққан.

– Күдікті өз қызметін интернет-дүкендердің көмегімен жүзеге асырған. Онда үйлестірушінің нұсқауы бойынша Алматы, Тараз, Шымкент, Қостанай қалаларында тарату үшін «тауар» алып отырған және Таразда бірнеше орынға мефедрон қойып үлгерген. Оның есірткі сататын интернет-дүкен әкімшісімен хат алмасуын және жасырын орындардың координаттарын көрсеткен фотосуреттерді тексергеннен кейін қызметкерлер мефедронның тағы 7 орамын тапты. Қазіргі уақытта полиция қылмыстық тізбектің қалған қатысушыларын анықтап жатыр, – деді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру