Полицейлер балалардың жолдағы жарақатын алдын алуда жаңа тәсілді қолға алды
Полицейлер балалардың жолдағы жарақатын алдын алуда жаңа тәсілді қолға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының полицейлері ҚР ІІМ-нің М. Есболатов атындағы Алматы академиясымен бірлесіп жолдағы балалар жарақатын алдын алуда шығармашылық тәсілді қолданды.
Акцияның негізгі мақсаты – балаларды құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік саласында тәрбиелеу. Бұл іс-шаралар Панфилов ауданының жалпы білім беретін мектептерінің кіші сыныптарында өткізілді. Аудандық полиция қызметкерлері ҚР ІІМ Алматы академиясының өкілдерімен бірлесіп балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтауды еске түсіріп, жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздері бойынша білімдерін тексеру мақсатында балалармен әңгімелесті.
– Балалар ақпаратты ойын түрінде жақсы қабылдайтыны барлығымызға белгілі. Сол себепті, біз жол қозғалысы ережелерін әртүрлі жағдайларында қолдану бойынша дағдыларды бекіту үшін аталған ережелердің негізінде танымдық бояулар тараттық, оқушылар жол қауіпсіздігі тақырыбындағы суреттерді аса қызығушылық танытып бояды, – деп атап өтті Панфилов АПБ-нің бастығы Асхат Кусембаев.
Іс-шара барысында жол қозғалысының жас қатысушылары жол ережелерін қайталап қана қоймай, жұмбақтар мен түрлі кездесетін жағдайлардың шешімін тауып, түрлі тапсырмаларды орындап шықты.
Жол қозғалысы ережелерін зерттеудің бұл әдісі балаларға шығармашылық пен ұсақ моториканы дамытуға ғана емес, сонымен қатар балалардың жолда және аулаларда қауіпсіз қозғалыстың ұғымын кеңінен түсінуге ықпал етеді.
Полиция барлық ата-аналарды балалармен жүргізілетін жеке қауіпсіздік сабақтарына тиісті уақыт бөліп, оларға жолда тәртіпті, сақ және мұқият болу қажеттілігін тәрбиелеуге шақырады. Сабақтар қызықты және пайдалы болу үшін оларды ойын түрінде өткізген дұрыс.