Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД қызметкерлері арасында волейболдан турнир өткізілді

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД №71 мекеменің ұйымдастыруымен және департаменттің кадр бөлімінің қолдауымен қызмет бабында қаза тапқан №71 мекемесінің қызметкері Ербол Ержановты еске алуға арналған волейболдан турнир өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты шара бір минут үнсіздікпен басталды. Турнирге ҚАЖД-ға қарасты мекемелерден құралған командалар қатысты.

Іс-шараның қадірлі қонақтары қатарында қаза болған қызметкердің әкесі Іңкербаев Тілеубек, жұбайы және қызы, сонымен қатар ҚАЖ ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғали Сағалбаев және департамент басшылығы болды.

– Біздің ҚАЖ мекемелерінде алдыңғы қатардан көрініп жүрген, өз өмірлерін жиі қауіп-қатерге тігетін әріптестеріміздің тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі өлшеусіз. Қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан әріптестерімізді еске алу және құрметтеу – біздің қасиетті борышымыз. Сонымен қатар бұндай іс-шаралар қызметкерлерді салауатты өмір салтына ынталандырып, дене шынықтыру мен спортты дамытудың жақсы үлгісі саналады, – деп атап өтті ҚАЖД бастығы Қайрат Дәлбеков.

Департаменттен құралған команда жеңіске жетті. Екінші орынды күзет бөлімі иеленсе, үшінші орынды №72 мекеме командасы алды.

– ҚАЖ департаментінің басшылығы ауысып жатса да, ерлікпен қаза болған әріптестерін ұмытпай, бізді де елеп-ескеріп жатқандарына қатты қуанып, алғыс айтамыз. Бүгінгі сайыс өте әсерлі болды, – деп бөлісті Ербол Ержановтың әкесі.

Жеңіске жеткен команда қызметкерлеріне кубоктар, грамоталар, медальдар және сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру