Астанада жасөспірімді алдап, мүлкін ломбардқа өткізуге мәжбүрлеген күдіктілер ұсталды
Астанада жасөспірімді алдап, мүлкін ломбардқа өткізуге мәжбүрлеген күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны полицияға арызданып, оның 16 жастағы ұлының құны 518 мың теңге тұратын iPhone 14 телефонын заңсыз алып кеткенін айтқан.
Тергеу барысында тәртіп сақшылары жасөспірімнің әлеуметтік желіде бір қызбен танысып, сөйлескенін анықтаған. Әңгіме барысында ол жас жігітті кездесуге шақырған. Кәмелетке толмаған бозбала қыз досымен кездесуге барғанда онда виртуалды танысының орнына екі бейтаныс жігіт келген. Олар жасөспірімді қорқытып, ақша бопсалай бастаған. Содан кейін күдіктілер жасөспірімді ломбардқа апарып, iPhone 14 және POCO смартфондарын алып, кепілге қойған. Түскен қаржыны өздері иеленіп үлгерген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Сарыарқа ауданының полиция қызметкерлері күдіктілердің тұрған жерін тапқан. Олар астанада осыған ұқсас бірнеше бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінген 22 жастағы екі жергілікті тұрғын болып шыққан.
Қазіргі таңда бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі жігіт Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ломбардтағы заттай айғақтар тәркіленіп, жәбірленушілерге қайтарылды.