Ақтөбе облыстық ПД-да криминалистика ардагерлері мен жас қызметкерлер марапатталды
Ақтөбе облыстық полиция департаментінде криминалистика ардагерлері, жас криминалистер мен олардың ата-аналарына құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-криминалистика қызметі – ішкі істер органдарында аса маңызды, әрі жауапты рөл атқарып, қылмысқа қарсы күрес ісіне лайықты үлесін қосады. Қылмыс орнына алғашқылардың бірі болып жететін, оқиға орындарынан айғақтарды “инемен құдық қазғандай” жинап, қылмыстың бүкіл картинасын әр сәтіне дейін құрастыратын ақтөбелік криминалистер биыл жыл басталғаннан бері 183 криминалистік зерттеу жүргізді. Олардың кәсіби қырағылығының арқасында бірнеше қылмыскер ұсталды.
Криминалист еңбегін лайықты бағалау, сала ардагерлері мен мамандарына тиісті құрмет көрсету мақсатында 1 наурызда Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов ұрпақтар сабақтастығы қағидатымен бірнеше кәсіби маманды марапаттады.
Марапатталушылардың ішінде тәжірибелі криминалистермен қатар, талантты жас мамандар, ең бастысы оларды патриоттық тәрбиелеу кәсіби жетілдіру ісіне мол үлесін қосқан олардың ата-аналары мен ардагер-криминалистер – Қайрат Ділмағамбетов, Светлана Папсуева және Сергей Спиридонов бар.
– Бүгінгі алғыс айту күнімен құттықтай отырып, сіздерге адал қызметтеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деген сөз бар. Адал ұл-қыздарды тәрбиелеп, өсіріп, бүгінде полиция қатарында абыройлы қызмет етуіне үлкен үлес қосқан ата-аналарға және кәсіби дамуына мол көмегін тигізіп келе жатқан аға буын ардагерлерге үлкен рахмет айтамыз. Криминалистика қызметі жылдан-жылға жаңғырып, біздің мамандарымыз бүгінде қылмысты ашуда заманауи ғылыми-техникалық құралдарды шебер меңгеріп, мол жетістіктерге қол жеткізіп келеді, – деді Абай Жусупов.
Шара барысында криминалистика саласында көп жыл қызмет етіп, облыстың жедел криминалистикалық басқармасына шебер басшылық еткен ІІО ардагері Қайрат Ділмағамбетов өзінің кәсіби жолы туралы тағылымды әңгімелер айтып, жас мамандар үшін аса қажетті ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Марапаттауға арнайы шақырылған жас криминалистер Өтеген Ұзыков пен Саду Сұлтанның ата-аналары Жомарт Ұзықов мен Ақмарал Сейткалиева да сөз алып, алғыстарын жеткізді.