Ақтөбе облысы ПД-да қысқы кезеңге дайындық мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысының полиция департаментінде қысқы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мердігерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиын Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары А. Саймагамбетовтің төрағалығымен өтті. Оған ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Қ. Сеитбаттал, жергілікті атқарушы органдардың, облыстық және қалалық әкімдіктердің, сондай-ақ мердігерлік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында қысқы кезеңде автомобиль жолдарын күтіп ұстау, қар тазалау жұмыстарын уақытылы жүргізу, көктайғаққа қарсы материалдармен қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мәселелері қаралды.
Сонымен қатар өткен қысқы кезеңде анықталған кемшіліктерге талдау жасалып, олардың қайталануына жол бермеу мақсатында нақты шаралар белгіленді. Арнайы техниканың қысқы маусымға дайындығына, мердігерлік ұйымдардың өз міндеттерін сапалы әрі уақтылы орындауына ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелер мен ұйымдарға қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыру, анықталған кемшіліктерді жою және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
