Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіздік әр үйден басталады: ШҚО-да профилактикалық іс-шара қорытындыланды

Шығыс Қазақстан облысында республикалық "Қауіпсіз үй" жедел профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған шара 5 қазан мен 5 қараша аралығында "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында өткізілді. Профилактикалық жұмысқа полиция қызметкері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінен 94 адам жұмылдырылды.

Бір ай ішінде полицейлер мүдделі органдармен бірлесіп, ерекше назар аударуды қажет ететін 5 мыңнан астам мекенжайды анықтап, 975 қауіп факторын жою бойынша шаралар қабылдады. Жалпы, 12 мыңға жуық тұрғын үй нысаны тексерілді.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келуі мүмкін отбасыларға ерекше назар аударылды. Мәселен, Риддер қаласында полиция қызметкерлері, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен пробация қызметінің мамандары бірлесіп жүргізген тексеру барысында төрт кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп жатқан отбасы анықталды. Отбасы санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда өмір сүрген. Тұрғын үйде азық-түлік пен ауызсу болмаған.

Балалардың өмірі мен денсаулығын, құқықтарын қорғау мақсатында төрт бала да отбасынан алынды. Оның біреуі ауруханаға жатқызылса, үшеуі "Үміт" кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылау да жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болды. Полицейлер 10 925 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 112 құқық бұзушылықты анықтады.

Тұрғындармен байланыс орнатуға да басымдық берілді. Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарымен 436 кездесу өткізіп, оған 13 мыңнан астам адам қатысты. Азаматтардан 378 ұсыныс түсіп, оның 341-і бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Жедел профилактикалық іс-шараның аяқталуы бұл бағыттағы жұмыстың тоқтайтынын білдірмейді. Тұрғындардың өмір сүру жағдайын бақылау, балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты хабарламаларға дер кезінде ден қою, профилактикалық есепте тұрған адамдарды қадағалау және халықпен өзара жұмысты жалғастыру полиция қызметінің маңызды бағыттары болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру