Теміртауда заңсыз алкоголь мен темекі өнімдерін сату дерегі тоқтатылды
Теміртауда полиция қызметкерлері жастар қозғалысының еріктілерімен бірлесіп жүргізген рейд барысында заңсыз сауда орнын анықтады. Тексеру кезінде 300 литрден астам алкоголь және темекі өнімдері тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылды. Шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары лицензиясыз, тиісті таңбалаусыз және шығу тегін растайтын құжаттарсыз алкоголь мен темекі өнімдерін сақтап, сату дерегін анықтады.
Тексеру нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы 300 литрден астам алкоголь өнімі мен темекі өнімдерінің ірі партиясы алынды. Оның ішінде 167 литр қолдан жасалған алкоголь, 121 бөтелке сыра, 17 бөтелке шарап және 10 бөтелке коньяк бар.
Сонымен қатар 9 блок темекі, 121 қаптама снюс және 117 қаптама насыбай тәркіленді.
Жиналған материалдар Теміртау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Мамандар анықталған дерекке құқықтық баға беріп, заң бұзушыларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесін қарайды.
