Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана әуежайында есірткіге қарсы фотокөрме ашылды

Астана әуежайында есірткіге қарсы фотокөрме ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғам назарын есірткі мәселесіне аудару және оның зиянды салдарын түсіндіру мақсатында елордалық полицейлер профилактикалық жұмыстың тың форматын қолға алды. Астана халықаралық әуежайында есірткінің заңсыз айналымының зардаптары мен құқық қорғау органдарының есірткі қылмыстарына қарсы күресін бейнелейтін тақырыптық фотокөрме ашылды.

Көрме алаңы ретінде күн сайын мыңдаған жолаушы мен қала қонағы келетін халықаралық әуежайдың таңдалуы кездейсоқ емес. Бұл бастама кең аудиторияны қамтып, қоғам үшін маңызды мәселеге көпшіліктің назарын аударуға мүмкіндік береді. Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті Ішкі саясат басқармасымен және көліктегі полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.

Экспозицияға әлемге танымал фотографтардың есірткі мәселесіне арналған туындылары, сондай-ақ елордалық полиция қызметкерлерінің есірткі қылмыстарына қарсы күресі, жедел іс-шаралар мен ұстау сәттері бейнеленген фотосуреттер қойылды. Келушілер тыйым салынған заттардың заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Көрменің негізгі мақсаты – фотосуреттер арқылы есірткі бизнесіне тартылу мен тыйым салынған заттарды тұтынудың ауыр зардаптарын көрсету. Әрбір кадрдың астарында нақты оқиғалар, адам тағдырлары және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті еңбегі жатыр.

Мұндай бастамалар дәстүрлі профилактикалық шараларды толықтырып, есірткі қаупі туралы ақпаратты нақты мысалдар арқылы көрнекі әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді.

Елорда полициясы есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу, тарату арналарының жолын бөгеу, сондай-ақ азаматтардың, әсіресе жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

Есірткіге қарсы күрес ақпараттандырудан басталады. Ал қоғам қауіпсіздігі – әр азаматтың саналы таңдауына байланысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру