Күйсандықтың тілін тапқан шенді ару
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады.
Еселі еңбегімен еленіп, таудай талабымен төрге озғандарды топжарған деп жатамыз. Альбина Шалмағанбетова да осы топтан. Ол Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің журналистика бөлімінде білім алды. Өзі таңдаған мамандығын жүрекпен қалап келгені білім ордасының қабырғасында жүргенде-ақ байқалатын. Оқыды, ізденді, сол кездің өзінде жергілікті басылымдарға ірілі-ұсақты мақалалары жарық көріп тұратын. Өзі қанаттас жатқан Сәтбаев қаласының тумасы. Алматылық ата-анасы бір кездері жолдамамен жұмысқа жіберілуіне байланысты Арқаға қоныс аударып, осы жақта тұрақтап қалған.
Альбина отбасында қорған болар қос ағасының ортасында еліктей еркелеп өскен жалғыз жауқазын. Мектепте сабақ үлгерімі жақсы болды, жоғары сыныпқа келгенде-ақ “журналист боламын” деп алдына айқын мақсат қойып, соған еңбектенді. Ал марқұм анасы болса қызының күйсандықтың тілін тапқан шебер музыка орындаушысы болғанын армандады. Сол себепті жасында өзі ертіп әкеліп, музыка мектебіне береді. Бірақ музыкадан бейхабар баласының үйренуге деген ынтасы болмағандықтан, ананың бұл қадамынан нәтиже шықпады. Альбина музыканы емес, қаламды таңдады. Қаламының қуаты арқылы елдің мұңын айтып, жоғын жоқтауды қалады. Бірақ адам баласы армандаймыз, топшылаймыз. Алайда Алланың бізге құрған жоспары мүлде бөлек болуы жазылмаған заңдылық. Университеттің екінші курсында оқып жүргенде Альбинаны тағдыр жақындарымен сынады. Қапыда айбынды ағасынан айырып, қасірет шектірді. “Қайғының егізінен сақта” дейді біздің қазақ. Көп ұзамай Альбинаның аяулы анасы да дүние салды. Үсті-үстіне келген сынақ Альбинаны ерте есейтіп жібергендей. Уақыт зырғып жатыр. Бастаған оқуды тәмамдау керек. Оқуын ойдағыдай бітірді. Шаһардағы талай басылымдарда Альбинаның қолтаңбасы сайрап жатыр. Қоғамның кез келген мәселесін мүдірмей айтып, өткір мақалаларын жазды. Арасында прозаға да қалам тербеп, оқырманға талай жүрекке жеткен туындыларын сыйлады. Кейін ішкі істер органдарында тер төккен ағаларының ықпалы да болар, осы саланың баспасөз қызметіне келеді.
Сонымен жанына қаламды серік еткен аруымыз Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасында баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар бойы еселі еңбек етті. Құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген жандардың талайы туралы қалам тербеп, елге таныстырды. Қызығы мен қиындығы қатар өрілетін мамандықтарының қыр-сырын ашып жазып, осы салаға қызығушылық танытқан талай жасқа бағыт-бағдар бере білді. Ішкі істер органдарының жұмысымен біте қайнаса жүріп, соңында өзі де осы салаға қалай келгенін аңғармағандай. Бірақ қай іске кіріссе де, Альбина одан нәтиже шығармай қоймайды. Тиянақтылықты, тәртіпті бірінші орынға қояды. Осы қасиеттерімен де ортасына сүйкімді, ұжымда беделді. Жезқазғанда жүргенде жүрегінің жартысын жолықтырды. Бүгінде жарымен бірге төрт перзент тәрбиелеп отыр. Қазір Альбина Қарағандыда тұрады. Ол Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында имидждік жұмыс және ішкі коммуникация бөлімінің бастығы, полиция майоры. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде белсенділік танытып, сүбелі үлесін қосып келеді. Халықтың арасындағы полиция қызметкеріне деген жақсы пікір қалыптастыруға зор үлесін қосып келеді. Осы орайда айта кеткен жөн, Альбина жауапкершілігі зор қызметте жүрсе де анасының арманын жолда қалдырмады. Күйсандықтан алыстаған жоқ.
Жасынан өмірдің тезінде шыңдала жүріп, бойжеткен қайсар қыз өсіріп отырған ұл-қызының ішкі істер органдарында қызмет етуін талап етіп, олардың таңдауымен таласпайды. Себебі олардың әрқайсысы өз алдына бір тұлға, ертеңгі күні өзі таңдаған жолда сүрінсе де, қателігінен сабақ алады, жетістікке жетсе де, өзі марқаяды.
Салауатты өмір салтын ұстану, артық салмақтан арылу мәселесіне Альбина өзі арқылы ден қойған. Тегінен толуға бейім дененің сымбатын қалыптастырып, оны әдемі күйінде сақтап тұру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол қажырлы қайратты талап етеді. Альбинаны бұрыннан білетін адамдар қазіргі күнгі сымбатына оңай жетпегенін жақсы біледі. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын бірнеше жыл оқып, зерттей жүріп, қол жеткізді. Нәтижесі – өзі. Бозала таңмен таласып тұру, таза ауада жүгіру, жаттығу жасау, аптасына жұмысқа барғандай бірнеше рет жаттығу залына бару оның күнделікті әдетіне айналған. Бала күтімі демалысында болған жылдары уақытын зая кетірмей, ұзақ жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін бір арнаға тоғыстырып, 2019 жылы “Келинка на ПП” кітабын да жарыққа шығарды. Бүгінде ол әлеуметтік желіде блог жүргізіп, артық салмақпен күрескен талайды жігерлендіріп жүр.
Альбинаның бір күндік өмірін көрсеңіз, осыншама энергия қайдан келіп жатқанына таң қаласыз. Ол әр күнін пайдалы өткізуге ұмтылады. Әсіресе, демалыс күндері оның қол қусырып отыруға уақыты жоқ. Енесінің жағдайын жасайды, күйеуінің бабын табады, перзенттерінің демалысын сапалы өткізуге тырысады. Соның арасында үйдің де тазалығына мән беріп, жаттығу залына барып, өзіне де көңіл бөлуді ұмытпайды. Көпбалалы ана үйде де, қызметте де бәріне үлгеріп жүр. Әйел болған соң күндегі күйбең тірлік қажытып жіберетін кездер болады. Ондайда Альбина күйсандыққа отырып, жан рахатын сезінеді. Барлық мәселелерден арылып, күйсандықтан төгілген әуенге елітеді. Өзінің сүйікті хоббиіне айналған музыканы жанына серік етеді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл да бір кездері қызының әйгілі музыкант болуын қалаған аяулы ананың арманына деген перзентінің адалдығы болса керек.