Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда полицейлері “Ана – әлем шуағы” атты мерекелік шара ұйымдастырды

Қызылорда полицейлері “Ана – әлем шуағы” атты мерекелік шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы ардагер аналарды, полицей әйелдерді мерекемен құттықтады.

Рухы мықты ақ жаулықты аналардың, ардақты апалар мен қаракөз қарындастардың құрметіне ұйымдастырылған бұл шара Достық үйінде өтті.

Бүгінгі салтанатты шара барысында шаңырақ берекесімен қатар, қызметтің тізгінін тең ұстаған әйел полицейлерді құттықтау үшін Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Ержан Саденовтің құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатталды.

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ілияс Жұмағұлов және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай полиция қатарында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген әйел полицейлерді шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.

Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің бұйрығымен “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен полиция подполковнигі Ахметова Бахытгүл, ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен полиция подполковнигі Айтбаева Айдана, ҚР ІІМ-нің грамотасымен полиция подполковнигі Берденова Гүлмира, ІІМ-нің алғыс хатымен полиция капитаны Мархабат Тұрашова марапатталды.

Сонымен қатар ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер аналар да марапатталды.

Ішкі істер органдарының ардагерлері Ибраимова Разия, Музапбарова Жанат, Асанова Раш, Ережеева Галия, Омарова Жанар, Калдарова Галия, Насибуллина Роза, Кожабекова Злиха ДП бастығының грамотасымен марапатталды. Жалпы айтулы күнге орай департамент бастығының бұйрығымен департаменттің 200-ден астам қыз-келіншегіне құрмет көрсетілді.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегі, махаббаттың, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, ақ тілектер айтылды. Облыстың өнерпаздарымен қатар, полиция қызметкерлері де өнер көрсетіп, әсем әндерімен, мың бұралған ырғақты билерімен жұртшылықты тәнті етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру