Үйретуден жалықпаған спорт шебері
Астана қаласы ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында спорт саласының үздіктері қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері – қоғамдық тәртіптің күзетшісі. Олар ел тыныштығы мен қала қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін күнделікті дайындық жасайды. Тәртіп сақшыларын спорт дағдыларына машықтандырып, арнайы сынақ қабылдап, азаматтарды қорғай алатындай қабілеті мен дене шымырлығын дамытатын, білек күші мен нысананы дәлдеу дағдысына үйрететін жауапты басқарма өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді.
Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасындағы таңдаулы 20 қызметкер де спорт саласының үздіктері. Солардың бірі – Есіл ауданы полиция басқармасының жеке құрамын тікелей қадағалап, сақшылардың кәсіби даярлығына жауапты болып бекітілген, басқарманың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Шалхар Баржақсынов.
Шалхар ІІО-дағы қызметін 2002 жылы бастаса, арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында 2022 жылдан бері қызмет атқаруда. Қоян-қолтық ұрыстан және еркін күрестен спорт шебері. Шалхар Баржақсынов қызметкерлерді спорттың сан-саласына дайындаудан еш жалыққан емес.
– Әрбір тәртіп сақшысы түрлі жағдайларда тап болуы мүмкін, сондықтан олардың қоян қолтық әдіс пен басқа да жауынгерлік тәсілдерді білуі басты назарда болуы тиіс, – дейді аға инспектор Шалхар Баржақсынов.
Қызмет пен спортты қатар алып жүретін сақшылардың көбі республикалық жарыстардан да құр алақан еместігін мақтанышпен айтуға болады.