Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытау облыстық ПД бастығы тұрғындармен кездесті

Ұлытау облысының бас полицейі халық алдында есеп берді. Сәтбаев қаласының Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен есептік кездесуге облыс тұрғындары, түрлі саланың жауапты мамандары мен қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Департамент басшысы өз сөзін өткен жылда атқарылған жұмысты қорытындылаумен бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде сотталған адамдармен және мас күйде қылмыс жасау, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты азғындық әрекеттер жасау, адамның өліміне әкелумен байланысты денсаулыққа ауыр зиян келтіру, автокөліктерді айдап кету мен ұрлау, интернеттегі алаяқтық қылмыстарының саны азайған.

– Полицейлер күнделікті қызметтерін тынымсыз атқаруда. Облыс тұрғындарына сапалы қызмет көрсету, жаңа әдістер қолдану және заңнаманы жетілдіру мақсатында тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде облыста қылмыс деңгейі тұрақты. 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі 68-ден 51-ге төмендеді. Жүргізілген талдауға сүйенетін болсақ, облыс бойынша барлық тіркелген қылмыстың 60 пайызын ұрлық пен алаяқтық құрап отыр, оның ішінде 31,3% – ұрлық болса, 30,1%-ы – алаяқтық қылмысы. Осыған орай, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі –  интернет-алаяқтық қылмыстары болып отыр. Атқарылып жатқан профилактикалық шараларға қарамастан күн сайын интернет-алаяқтардан зардап шегушілердің саны артуда. Аталмыш бағыттағы қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, болдырмау мақсатында «Киберқылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында Ұлытау облысы ПД жанынан «Ciberpol» құрылып, оның құрамына білікті қызметкерлер тартылып жан-жақты ұйымдастырушылық жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде интернет-алаяқтық қылмыстарының тіркелуі 38,1%-ға (202-ден 175-ке) төмендеді, сонымен қатар «Ciberpol» қызметкерлерімен алаяқтық сипаттағы жарнама контенттері бар және порнографиалық бейне материалдар жарияланған 587 сайт бұғатталып, 48 қылмыстық іс ашылып, олар бойынша 16 күдікті тұлға алаяқтық санаты бойынша есепке қойылды, – деді Қайыркен Әлиев.

Облыстың бас полицейі кездесу барысында халықпен тығыз байланыста болуға, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге сенім білдірді. Есептік кездесуге арнайы келген облыс тұрғындары департамент басшысына түрлі сауалдар жолдап, толыққанды жауап ала алды.

Кездесуде жол белгілері, жылдамдықты асырған көлік жүргізушілер, қаладағы бейне камералардың саны мен сапасы жайлы арыздар мен ұсыныстар да айтылды. Көпшілік арасынан сөз алған қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кездесу соңында полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру