Жиһаз жасаймын деп елорда тұрғындарын алдаған күдікті ұсталды
Жиһаз жасаймын деп елорда тұрғындарын алдаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыарқа аудандық полиция бөліміне қала тұрғыны көмек сұрап арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреу OLX парақшасында үй жиһазын жасап беретінін айтып, жарнама қалдырған.
Содан күдікті жәбірленушінің ас үй бөлмесіне жиһаз жасау үшін өлшем алып, 1 млн теңгеден астам ақшасын иемденген. Кейін байланысқа шықпай қойған.
Келіп түскен шағымға байланысты жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Ақмола облысының 28 жастағы тұрғыны анықталды. Әрі қарай тексерулер барысында жігіттің аталған фактіден бөлек, тағы бір қала тұрғынын алдағаны белгілі болды. Жалпы, жәбірленушілерге келтірілген шығын 2 млн теңгені құрады. Сенім білдірген азамат жігіттің парақшасындағы жиһаздардың суреті арқылы тапсырыс беріп, ақшаны алдын ала аударған.
Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті жігіттің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.