Ақтөбе облысында су бөгеті бұзылуына байланысты полицейлер тұрғындарды эвакуациялауға жұмылдырылды
Ақтөбе облысында су бөгеті бұзылуына байланысты полицейлер тұрғындарды эвакуациялауға жұмылдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында еріген қар суының келуіне байланысты Хромтау ауданындағы Мағаждан бөгеті суға толып, бөгеттің бір шеті жырылды. Соның салдарынан Хромтау ауданының Бесқопа, Қызылту ауылдары мен Алға ауданының Табантал қыстағының және Ақтөбе қаласындағы Елек, Қарғалы өзенінің бойындағы кейбір бау-бақша ұжымдарының ықтимал суға кету қауіпі туындады.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері құтқарушылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғындарды және жан-жануарларды қауіпті аумақтардан эвакуациялау жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда 215 адам, оның ішінде 96 бала эвакуациялық пункттерге және жақын туыстарының үйлеріне орналастырылды, үй жануарлары қауіпсіз аумақтарға айдап шығарылды.
Ақтөбе қаласының бау-бақша ұжымдарында эвакуациялау жалғасуда. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйымдастыру, эвакуацияланған аумақтарда мүліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды да жүзеге асырылып жатыр.