СҚО-да балалар мен жасөспірімдер мектебінің сәйгүліктері полиция кавалериясына көшірілді
СҚО-да ат спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер мектебінің сәйгүліктері полиция кавалериясына көшірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында ат және ұлттық ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы полицияға, әкімдікке және ветеринар мамандарға су басып кеткен ипподромнан жылқыларды көшіруге көмектескені үшін алғысын білдірді.
13 сәуір күні сағат 15.00 шамасында БЖСМ басшылығы жылқыларды эвауациялау туралы шешім қабылдады. Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылы маңындағы ипподромға Есіл өзені жағынан үлкен көлемде су келе бастаған. Тұяқтыларды шығаруға Қызылжар ауданының әкімдігі мен ветеринариялық станция көмектескен; олар азық мен жылқыларды тасымалдауға арнайы техника ұйымдастырған. Нәтижесінде 23 бас жылқы Петропавл қалалық полиция басқармасы құрамындағы патрульдік полиция батальонының кавалериялық бөлімшесіне жеткізілді. Бір-екі күн өткен соң жылқылар жаңа ортаға үйренді. Қазір Қамбар ата түлігі жем-шөппен қамтылып, қауіпсіз жерде тұр.
– Осындай қамқорлық танытып, жылқыларды қауіпсіз жерге көшіруге мүмкіндік бергені үшін полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновқа, ППБ кавалериялық бөлімшесінің қызметкерлеріне ерекше алғысымызды білдіреміз, – дейді ат және ұлттық ат спорты түрлері бойынша БЖСМ жетекшісі Ольга Патошкина.