Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында қызмет бабында қаза болған полицейдің құрметіне кадет сыныбы ашылды

Қызылорда облысында қызмет барысында қаза тапқан полиция капитаны Кеңесбек Әбішев  атындағы кадет сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы №124 мектепте қызмет барысында қаза тапқан полиция капитаны Әбішев Кеңесбек атындағы кадет сыныбының ашылу салтанаты өтті. Шараға Қызылорда облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Асқар Балқожаев және Жалағаш ауданы полиция бөлімінің бастығы Талғат Лекеров, Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов және мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.

Іс-шара барысында қызмет атқара жүріп, жұлдызы ерте сөнген Әбішев Кеңесбектің өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке оның ерлігі дәріптелді.

Әбішев Кеңесбек Махметханұлы 1958 жылдың 20 наурызында Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Ақарық ауылында дүниеге келген.​ 1964 жылы қазіргі Есет батыр ауылындағы №124 орта мектепке қабылданып, 1974 жылы бітірді. 1975-1977 жылдар аралығында әскер қатарына қабылданып, Мәскеу қаласында екі жыл әскери борышын абыроймен өтеп келген. 1978 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түскен. Оқи жүріп Жарылқағанова Кенжемен бас қосқан. Жанұялы болған соң оқуын Қызылорда қаласындағы Гидромелиоративный институтына ауыстырып, сол жерден оқуын аяқтады.

Алғаш еңбек жолын туған өлкеде түрлі қызметтер атқарудан бастайды.1990 жылы Шымкент қаласындағы № 9 полиция қызметкерлерінің курсынан өтіп, 1991 жылдан бастап 1997 жылға дейін туған жерге қызмет қылу мақсатында ауылда учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс атқарды. 1997 жылы АІІ бөліміне лауазымды қызметке ұсынылып, майор шеніне бұйрық тағайындалған шағында, 23 қыркүйек күні қызметтік міндетін атқару барысында мезгілсіз қаза болды. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында «Тәртіпке бағынған құл болмас» дегенді ұстана жүріп, қызметінде адал ерлікпен есте қалса, өз отбасында асқар тау әкенің ізгі жолын жалғаған ұрпақтары әке-шешенің үкілі үмітін ақтаған ұрпаққа айналды.

Жары Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған. 1982-2021 жылдар аралығында үздіксіз еңбек етіп, ел ықыласына бөленген ардагер ұстаз атанды. Әкеден жас қалса да, ананың шексіз мейірімі мен қажырлы еңбегінің арқасында 5 баласы білікті маман иесі болып, үлгілі шаңырақ құрып, өркендеп отыр. Бүгінгі ерекше шара өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылды.

Жалпы, кадет сыныбын құрудың мақсаты – табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар кезінде жедел дұрыс шешім қабылдау білімі мен дағдыларын дамыту, өрт қауіпсіздігі саласындағы алдын алу, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бөлігінде жас ұрпақты патриоттылыққа тәрбиелеу.

– Қызмет барысында қаза тапқан Кеңесбек Әбішев туралы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ол құқық қорғау саласын таңдаған жас мамандар үшін адалдық пен абыройдың үлгісі болып қалады. Ерлік пен батылдық, ержүректік – тәртіп сақшыларының бойынан табылатын қасиеттер. Бұл ретте Әбішев Кеңесбек полицияның даңқты дәстүрлерін жалғастырды, қызметтік борышына адалдық танытты, – деді Асқар Балқожаев.

Сонан соң кадет сыныбының мүшелері салтанатты түрде ант берді.

«Жас құтқарушы» кадет сыныбына кірген оқушылар өз Отанының ержүрек, әрі батыл қорғаушысы болуға дайындалумен қатар, әрдайым ізденуге, оқуда озат, елінің патриоты ретінде қатарластарына үлгі болуға ант берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру