Жетісу облысында ПД бастығы өңір тұрғындарымен кездесті
Жетісу облысында ПД бастығы өңір тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық департамент бастығы Сарқытбай Құсаинов пен оның орынбасарлары және де аудандық бөлімшелердің басшылары «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын іске асыру аясында өңір тұрғындарымен кездесті.
Өңірлік құқық қорғау органдары үшін тұрғындармен жеке әңгімелесу тәжірибесі дәстүрге айналды, себебі қоғамдық пікір полицияның жұмысы қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын, кемшіліктер бар-жоғын және оны қай бағытта күшейту керектігін көрсетеді.
– Халықтың полицияға деген сенімі мен құқықтық тәртіп әрқашан қатар жүреді. Сенім артса – біздің жұмысымыздың көрсеткіштері де артады. Мұндай іс-шараларды біз үнемі өткізіп тұрамыз. Көптеген тұрғындар полицейлерді көріп, мазалаған мәселелері туралы тікелей хабарлайды, бұл оларды дереу шешуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыстық департамент бастығы.
Кездесу барысында әр түрлі сұрақтар қойылды, олардың негізгі бөлігі қоғамдық тәртіпті сақтауға, абаттандыруға, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын орнатуға қатысты болды.
– Кездесу барысында тұрғындар сұрақтар қойып, көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Тұрғындарының учаскелік инспекторлардың жұмысы туралы пікірін тыңдау өте қызықты болды. Сондай-ақ органдар мен халықтың өзара іс-қимыл мәселелерін белсенді талқылаған азаматтардың барлық сындарлы тілектері ескерілді. Олардың өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге деген қызығушылығы қуантады, – деп толықтырды департамент бастығы.
Өңірдің бас полицейі ауыл тұрғындарының сұрақтарына толық жауап беріп, жоспарларымен бөлісті. Кездесу барысында тұрғындарға қылмыскерлердің әрекетінен қорғайтын сақтық шаралары да түсіндірілді. Интернет-алаяқтықтың, жеке мүлікті ұрлаудың және өзге де қылмыстардың алдын алу мақсатында полицейлер тақырыптық жадынамалар мен кітапшалар таратты.
– Халықпен тұрақты диалог, учаскелік полиция инспекторларының қызмет ету жағдайларына мониторинг жүргізу, ең бастысы, азаматтардың полиция жұмысы туралы пікірін зерделеу – полицияның «сервистік» моделінің үш негізгі критерийі. Бүгінгі әрбір өтініш назарға алынды, олардың әрқайсысы бойынша тексеру жүргізіледі және шаралар қабылданады. Әрине, кейбіреуін шешуге уақыт қажет, бірақ олар менің жеке бақылауымда, – деп түйіндеді С. Құсаинов.
Облыстық полиция және аудандық бөлімшелер басшылығының азаматтармен, оның ішінде өңірдің шалғайдағы ауылдарының тұрғындарымен кездесу тәжірибесі тұрақты түрде өткізіліп, жалғастырылатын болады.