Алматыда сотталғандар бірлік күнін атап өтті
Алматыда сотталғандар бірлік күнін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД №72 мекемесіндегі сотталғандар арасында да ұйымшылдықпен тойланды.
Бірлік мерекесінде мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Әнуарбек Әлімжанов аталған мерекенің маңызына тоқталды.
– Қазақтың байтақ даласы бүгінде жүзден астам ұлт өкілдерінің ортақ отанына айналған. Сол себептен де 1996 жылдан бері 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып тойланып келеді. Еліміздегі барлық ұлттардың Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құрудағы игі бастамаларын жүзеге асыруға аянбай үлес қосып отырғаны осы бірлігімізді дәлелдейді, – деді ол өз сөзінде.
Мереке барысында №72 мекемедегі шаруашылық қызметіндегі сотталғандар әр ұлттың ұлттық киімін киіп, мерекені әр ұлттың тілінде бастады. Береке мен ынтымақты барынша кеңінен насихаттайтын қазақ жерінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға мүмкіндік мол десек, сотталғандар да осы мүмкіндікті кеңінен насихаттады. Олар әр ұлттың салт-дәстүрінен бейнелі көріністер ұсына отырып, ән-жырдан шашу шашты.
Қазақстандықтардың күші бірлікте екенін өнерімен, өлеңімен жеткізген сотталғандар бірлік күнін нағыз салтанатты кешке айналдырды. Мереке соңында үздік өнер көрсеткен жазалылар мекеме басшылығының алғысына ие болды.