Алматыда 59 сотталған рақымшылыққа ілінді
Алматыда 59 сотталған рақымшылыққа ілінді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2026 жылдың 2 шілдесінен бастап “Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы” Заң күшіне енді. Заң бойынша қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдардың жаза мерзімі қысқартылады немесе жауапкершіліктен толық босатылады.
Осыған орай Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде аталған заңның негізгі шарттары мен ережелері жан-жақты түсіндіріліп, тыңғылықты жұмыстар атқарылды.
ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелер бойынша 550-ге жуық сотталған жазасын өтеп жатса, соның ішінде 59 сотталған рақымшылыққа ілінді. Рақымшылыққа ілінгендердің 16-сы босатылуға, ал 43 сотталғанның жазасы қысқартылуға жатады.
Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №11 мекемесінде қазіргі кезде 78 сотталған жасөспірім жазасын өтеп жатыр.
Олардың ішінде 15 жасөспірім есірткі жасыру қылмысы бойынша сотталған болса, олардың барлығы жаза өтеу мерзімін қысқартуға жатады.
Бүгінде Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша 6 жыл бас бостандығынан айырылған екі жасөспірімнің жазасы ең ұзақ мерзім, яғни 2 жыл 1 айға дейін қысқартылды.
Бүгінгі таңда ҚАЖ департаменті бойынша 5 адам бас бостандығынан айыру орындарынан толық босап шықты. Қазір рақымшылыққа іліккен сотталғандардың жеке істері аудандық соттарға жолданып, жұмыс жалғасуда.
