Көліктегі ПД ұйымдастырған мерекелік іс-шарада 15 жас маман ант қабылдады
Көліктегі ПД ұйымдастырған мерекелік іс-шарада 15 жас маман ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін, көліктегі полиция департаментінде Ұлы Жеңіс пен Отан қорғаушы күні мерекелеріне арналған салтанатты шара өтті. Ол дәстүрдегідей «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ департамент қызметкерлері қан майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты іс-шараны ашқан департамент бастығы Бақытжан Малыбаев Ұлы Отан соғысы мен ІІО-ның барлық ардагерлерін қос мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, ашық аспан, отбасыларына бақыт тіледі.
– Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Сұрапыл соғыста қаһармандықпен шайқасып, ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған есіл ерлеріміздің асқақ рухы алдында, әрдайым, тағзым етеміз. Батыр бабаларымыздың жаужүрек ерлігі бізге өнеге. Бүгінгі күні мемлекетіміздің қауіпсіздігі жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларымыздың абыройы арта берсін! Отан қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы. Біз үшін заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мызғымас басымдық болып қала береді, – деді ведомства басшысы.
Салтанатты шара барысында ІІО-ға жаңадан қабылданған 15 жас маман Отанға адалдық антын қабылдады. Бұл күн олар үшін өмірлеріндегі ең маңызды сәттердің бірі болып қалатыны анық. Әріптестері жас мамандардың алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Бұдан соң, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін көлік полициясының 149 қызметкері ҚР ІІМ-нің медальдарымен және департамент бастығының грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар полицейлер ардагерлерге де айырықша құрмет көрсетті.
Іс-шараның соңында жеке құрам саптық шерумен жүріп өтті. Ал мерекелік шараға қатыса алмаған қарияларға сыйлықтар үйлеріне жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы көліктегі ПД-да Жеңістің 79 жылдығын Ұлы Отан соғысының 1 қатысушысы, 9 тыл еңбеккерлері мен ҰОС қатысушыларының 8 жесірі атап өтпек. Мәселен, 97 жастағы ҰОС ардагері Иван Макеев Тараз қаласында тұрады. Бүгін құрметті ардагер Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінде өткен Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты.
Көлік полицейлері Иван Федоровичті құттықтап, оған ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың атынан жолданған алғыс хатты табыстап, гүлдер, бағалы және ақшалай сыйлықтар мен азық-түлік себетін тарту етті.