Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 18 шетелдік жолаушы пойыздан түсірілді

Өзбекстанның 18 азаматы ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін “Самара-Ташкент” пойызынан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу, жолын кесу мақсатында 10-20 сәуір аралығында “Құқықтық тәртіп” жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Іс-шараның барысында 32 қылмыс тіркелді, бұрын жасалған 7 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды.

Сондай-ақ 2134 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін – 202, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 28, шетелдіктің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін – 112 және т.б.

Мәселен Арыс-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері “Самара –Ташкент” бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен астам уақыт ішінде кетуден жалтарған ҚР көші-қон заңнамасын бұзған Өзбекстан Республикасының 18 азаматын анықтап, поездан түсіріп алды.

Көлік полицейлері құқық бұзушыларға қатысты шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырып, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.

Оларға 5 жыл мерзімге ҚР аумағына кіруге тыйым салу белгіленіп, Қазақстан Республикасы аумағынан тысқары шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру