Астанада үйден алтын бұйымдар ұрлаған күдікті қолға түсті
Астанада үйден алтын бұйымдар ұрлаған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгілі болғандай, ұры үйден 500 мың теңгенің алтын бұйымдарын алып кеткен. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланған ер адам түнде жеке үйдің ауласына ұрланып кірген. Алдын ала дайындаған бұрауышпен пластикалық терезені күшпен ашып, ішке еркін кіріп, зергерлік бұйымдарды жымқырып кеткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері бір тәулікте ұрлыққа қатысы бар азаматты ұстады. Ол бұрын сотталған 30 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оның ұрланған алтын бұйымдарды жалған құжаттарды пайдаланып, қалалық ломбардтарға өткізгені анықталды.
Сонымен қатар тексеріс кезінде ер адамның жеке үйден ноутбук ұрлауға қатысы бар екені де белгілі болған. Ол күндіз Наурыз көшесінде үйге кіріп, дәліздегі шкафтан құны 300 мың теңге тұратын Huawei ноутбугін ұрлап кеткен.
Ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі өндіріс жүргізіліп, ұсталған азаматтың елордада бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Ұрлық жасады деген күдікті азамат полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.