Алматы облысында жүгіруден марафон өтті
«Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды» іске асыру аясында облыс орталығында «Qazaq Marathon – 2024» спорттық жарысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа қарсы күресте шараларды күшейту, зиянды хоббиге балама ретінде спортпен белсенді айналысуға шақыру, сондай-ақ жастардың санасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру.
– Ұзақ қашықтықты бағындыру – жастарды алға қойған мақсаттарына жетуге ынталандыру әдістерінің бірі. Олар өз мысалдарымен салауатты өмір салтын ұстануға, құрдастарымен және тіпті ересектермен үнемі спортпен шұғылдануға ықпал етеді. Дәл осындай іс-шаралар спорттық рухты көтереді және басқаларды өз өмірлерін жақсы жаққа өзгертуге ынталандырады, – деп атап өтті облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаров.
Марафонға 10-80 жас аралығындағы 1500-ден астам адам қатысты, қатысушылардың негізгі санаты – жастар. Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Өзбекстаннан да спортшылар жиналғанын атап өту маңызды.
Барлық қашықтықтағы жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен, ақшалай сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, Қонаевтағы жүгіру «Qazaq Marathon – 2024» сериасындағы алғашқы бастама болды. Ұйымдастырушылар жыл соңына дейін еліміздің түрлі өңірлерінде осындай бес іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.