Алматы полициясы мектеп оқушыларына тәрбие сағатын өткізді
Алматы полициясы меткеп оқушыларына есірткінің зияны туралы тәрбие сағатын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері мен нарколог-дәрігерлер Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған нашақорлыққа қарсы айлық аясында, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында №15 мектеп-гимназиясында есірткіні, темекі өнімдерін, алкогольдік сусындарды пайдаланудың зияны және олардың салдары туралы тәрбие сағатын өткізді.
– Мемлекет басшысы мен үкімет нашақорлыққа қарсы нақты және дәйекті стратегияны жүзеге асыруда, оның аясында нашақорлықтың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған бірқатар жобалар іске қосылды. Біздің ортақ мақсатымыз – есірткісіз болашақ құру, сондықтан біз осындамыз. Бүгінде есірткіге қарсы тек мемлекеттік органдар ғана емес, қоғамдық қозғалыстар мен азаматтық қоғамдастықтың тақырыптық іс-шараларға қатысуы мен қолдауы – біздің бірлескен күресіміз екенін көріп отырмыз. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығы бар және біз ортақ күш-жігердің арқасында жастарымызды өлімге әкелетін есірткіден сақтандырып, қорғай алатынымызға сенімдімін, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев.