СҚО тұрғыны жеке куәлігін алуға көмектескен полицейлерге алғыс айтты
СҚО тұрғыны жеке куәлігін алуға көмектескен полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.
Қостанай облысының 40 жастағы тұрғыны алғаш рет Жамбыл ауданы полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамовтың қолынан жеке куәлік алды.
Өз мәселесімен ол наурыз айында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні аясында полицияға жүгінген. Анықталғандай, ол анасынан ерте айырылған, ал туу туралы куәлігі 9 жасында жанып кеткен. Ескі үлгідегі төлқұжатпен қалған әкесі құжаттандыру мәселесімен айналыспаған. Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген әйел құжаттарды қалпына келтіруді қолға алған, алайда ұзақ мерзімге байланысты түрлі қиындықтар туындады.
Оларды шешуге аудандық полиция бөлімінің құрамындағы көші-қон қызметі тобының қызметкерлері көмектесті. Олар азаматтықты анықтау бойынша үлкен жұмыс атқарып, көптеген мекемеден, бұрынғы тұрғылықты жеріндегі көршілерден жауап жинады. Үш айдан кейін ол өміріндегі алғашқы жеке құжатын алып, полицияға көмек көрсеткені үшін шын жүректен алғысын білдірді.
– Енді мен ресми түрде жұмысқа орналасып, барлық әлеуметтік қызметті пайдалана аламын. Үлкен рақмет, – деді ол.
– Адамдарды құқықтық мәртебе мәселесіне мұқият қарап, құжаттарды уақытылы алып, алмастыруды сұраймыз. Туындаған барлық сұрақ бойынша аумақтық полиция бөлімінен кеңес алуға болады. Полиция қызметкерлері әрқашан көмек көрсетуге дайын, – дейді Мейрамов.