Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда «Есірткісіз болашақ» тақырыбында жастар акциясы өтті

Орал қаласында «Есірткісіз болашақ» атты жастар акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

26 мамыр – 26 маусым аралығында республика аумағында нашақорлықтың, есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында айлық өткен болатын. Айлық барысында есірткі қылмысының алдын алу, нашақорлыққа жол бермеу мақсатында  БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қаладағы білім ошақтардында, яғни жоғары оқу орындарында, мектептерде, балалар демалатын лагерьлерде түсіндіру жұмыстары, семинарлар,  түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған  «Есірткісіз болашақ» атты жастар акциясы өткізілді.

Шарада Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, қала тұрғындары мен қонақтарын өңірдегі есірткіге қарсы күрес жұмыстарына бірігуге шақыра отырып, «Есірткіге қарсы күрес» айлығы аясында профилактикалық жұмыстарға үлес қосқан ерікті жастарды алғыс хаттармен марапаттады.

Сонымен қатар шара барысында Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рауан Мусин полиция департаментіне қол ұшын созған мекеме ұжымдарымен бірге бір топ белсенді азаматтарды Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі атынан алғыс хаттармен және Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапаттап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Нашақорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер! Есірткі қабылдау әлеуметтік енжарлыққа әкеледі, адам біртіндеп өзінің адамгершілік қасиетін жоя бастайды және психикалық ауытқулар байқалады, одан әрі өзінің жақындарын жоғалтып, қылмыстық ортаға енеді.

Бүгінгі таңда облыста 146 есірткі құқық бұзушылығы тіркеліп отыр. Оның ішінде 30-ы есірткі затын сатумен байланысты қылмыстар. Заңсыз есірткі айналымынан  26 кг аса есірткі заттары мен психотроптық заттар тәркіленді.

– Нашақорлық проблемасын тек ішкі істер органдарының күш тәсілдерімен шешу мүмкін емес. Түрлі, өзара іс-қимылды қажет етеді. Демек осы жамандыққа қарсы әрекет біздің ортақ ісіміз болуы керек. Балалар мен жастарды салауатты өмір салтын ұстануға тартып, қоғам арасында спортты насихаттау қажет, – деді Рауан Мусин.

Жастар акциясы концерттік бағдарламамен, көңілді ойындармен жалғасын тауып, акция барысында көрермендерге және қала тұрғындарына тақырыптық буклеттер таратылды.

Сондай-ақ шара барысында БҚО полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің және кинологиялық орталық қызметкерлерінің қызметтік иттермен қойылымдары ұсынылды.

Шара соңында белсенді жастар барша Жайық жастарына үндеу жолдап,  ұран сөздерден лозунг дайындап аспанға шармен ұшырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру