Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеді

Жамбыл облысының полиция департаменті осы жылдың алты айында атқарылған жұмысты қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел кеңесте ПД бастығы Арманбек Баймурзин жеке құрамға ҚР Ішкі істер министрінің негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді. Бірінші жартыжылдықтағы қызмет нәтижелерін талдай отырып, ПД бастығы қабылданған алдын алу шаралары қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Өңірде қылмыс деңгейі 13,5%-ға төмендеді. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыс саны, (9,7%), ауыр қылмыс (12,1%), ауырлығы орташа қылмыс (29,8%), кісі өлтіру (35%), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (31,3%), жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс (24,1%) саны қысқарды. Тонау деректері 31%-ға, бұзақылық 37,9%-ға азайды. Алаяқтықтың барлық түрін тіркеу 10,8%-ға төмендеді.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ұрлықтың 28,1%-ға, олардың ауыр түрлерінің 15,4%-ға төмендеуіне қол жеткізілді.

Қылмыс азайғанымен, жолдардағы апаттылық жағдайы күн тәртібінен алынбайды. Жол-көлік апаттарын азайту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 17 бірлік «Автоураган-МС» және 10 «Рарк Райт-С» мобильдік аппараттық кешендерін сатып алу жоспарда бар. Жаңа техникалар күрделі жағдай байқалатын аудандарға беріледі.

Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету әркімнің жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Жаяу жүргіншілер бұзушылығының және жүргізушілердің маневр жасау ережелерін бұзу жағдайларының саны 80%-ға өскенін айтты. Бұл статистика тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайтындығын дәлелдейді.

Көлікті мас күйінде басқару деректері де алаңдаушылық туғызып отыр (6 айда 355 дерек). Жағдайды үнемі бақылауда ұстау үшін патрульдік полиция жасақтарын қайта орналастыру және құқық бұзушыларды уақытша бейімдеу орталығына жеткізу жұмыстары күшейтілді.

Қылмысқа қарсы күрес мақсатында күн сайын ауылдық округ әкімдерімен, ақсақалдармен және жұртшылықпен бірлесіп «Ішімдіксіз ауыл» жобасы бойынша жұмыс жүргізу тапсырылған. Нәтижесінде облыстың 6 ауданында және 16 ауылдық округте дүкен иелері алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты.

Жиі кездесетін қылмыстың бірі — интернет алаяқтық. ПД бастығы осы бағыттың маңыздылығын атап өтіп, жүйелі негізде аулаларды аралауды, тұрғындарға, әсіресе егде кісілерге алаяқтардан қорғау бойынша кеңестерді жеке түсіндіруді тапсырды.

А. Баймурзин тергеушілердің жұмысын ұйымдастыруды қайта қарау керек деп санайды. Жүргізілген талдау қылмыстық істерді қосымша тергеуге қайтарудың негізгі себебі – тергеушілер мен анықтаушылардың істердің толықтығын қамтамасыз ету бойынша талаптарды бұзуынан екенін айтты.

Сондай-ақ жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2124 әкімшілік хаттама жасалды. Бұл бағытқа ПД бастығының тапсырмасы бойынша ерекше назар аударылуда.

Сонымен қатар жиын барысында ҚР Ішкі істер министрінің кадр сапасын жақсарту жылына байланысты тапсырмасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар да жеке талқылауға түсті. Тәртіп пен заңдылықты сақтау туралы айта келе, А.Баймурзин жас қызметкерлермен жеке құрам арасында қолайлы атмосфераны сақтау үшін жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Бөлім бастықтары енді қызметкерлердің отбасыларына баратын болады.

– ⁠Ел Президентінің тапсырмалары, ІІМ реформалары — барлығы халықтың полицияға деген сенім деңгейін арттыруға бағытталған. Учаскелік полиция инспекторлары — тұрғындар бірінші болып жүгінуі керек сенімді тұлға болуы тиіс. Бірақ барлық учаскелік инспектор өз аймақтарында белсенді жұмыс істейді деп айта алмаймын. Себебі кейде мен өзім тұрғындардан «сіз өзіңіздің учаскелік полицейіңізді білесіз бе?» деп сұрағанда, оң жауап ала бермеймін, – деді ПД бастығы.

Жан-жақты талқылай келе, кеңес қорытындысы бойынша кадр саясатын жетілдіру, қылмыстың ашылу деңгейін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру, алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, есепке алынатын тұлғалармен жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру