СҚО полицейлері көрші елдердегі әріптестеріне 24 қылмыскерді ұстауға көмектесті
СҚО полицейлері көрші елдердегі әріптестеріне 24 қылмыскерді ұстауға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы үш айда Солтүстік Қазақстан облысының аумағында полиция департаменті құрамындағы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ТМД елдеріндегі әріптестеріне 24 қылмыскерді анықтап ұстады. Ресей Федерациясына – 21, Армения Республикасына – 1, Өзбекстан Республикасына екі қылмыскерді анықтап, ұстап берді.
Мысалы, Омбы және Қорған облысының екі тұрғыны есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін; тағы екі тұрғын шекараны заңсыз кесіп өткені үшін іздестірілген. Түмен облысының тағы бір тұрғынын жедел уәкілдер өлтірумен қорқыту және ауыр дене жарақаттарын келтіргені үшін іздестірген. Олардың барлығын солтүстікқазақстандық полицейлер ұстап, ресейлік әріптестеріне табыс етті.
– ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл шеңберінде, қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, қылмыстарды ашу, із-түссіз жоғалған тұлғаларды және қылмыскерлерді іздестіру бойынша жұмысты жандандыру мақсатында облыстық полиция департаменті жедел-анықтамалық, іздестіруге қатысты ақпарат алмасу жұмыстарын жүргізеді. ТМД елдерінің ішкі істер органдары СҚО полициясына бір қылмыскерді ұстап берді. Ол есірткімен байланысты қылмыс үшін іздеуде болды, – деп хабарлады СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.