Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Степногорскіде қауіпті қылмыскерді ұстаған ұландық медальмен марапатталды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Ислам-Али Жапарды шұғыл жағдайда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін “Ұлттық ұлан үздігі” медалімен марапаттау рәсімі өтті. Марапатты ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бас қолбасшы өзінің және әскерлер қолбасшылығының атынан ұландықтың ата-анасына осындай азаматты лайықты тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.

– Бұл сержант Жапардың соңғы марапаты емес екеніне сенімдімін! Ислам-Али Жапар сонымен қатар ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілерінің күнделікті өмірде қырағылық, батылдық пен батырлық танытып жүргеніне жарқын мысал бола білді, – деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов.

Еске салсақ, 30 тамыз күні 21 жастағы Ислам “Қазақстан” сауда орталығында екі ересек адамның жанжалдасып жатқанын көріп қалған. Екі адам арасындағы төбелес кезінде олардың бірі екіншісін пышақпен жарақаттаған. Осы сәтте ұландық бірден “103” және “102” қызметтеріне қоңырау шалып, полиция келгенге дейін шабуылдаушыны өз бетінше ұстаған. Сонымен қатар ұландық зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында шалбарының белбеуін қан кетуді болдырмау үшін қолданып, жәбірленушінің жүрегі тоқтаған кезде жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Сержант пен жедел жәрдемнің күш-жігеріне қарамастан, жәбірленуші кейінірек сол жерде қайтыс болды.

Айта кету керек, сержант Ислам-Али Жапар құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілеріне тән жоғары қасиеттерді байқата отырып, ұландықтардың қоғамның әрбір мүшесі үшін қиын уақытта көмекке келуге дайын екендігін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру