Маңғыстау облысында пробация қызметкеріне пара ұсынған сотталғанға айыппұл салынды
Маңғыстау обьлысы бойынша ҚАЖ департаментінің Ақтау қалалық пробация қызметінің инспекторына пара бермек болған есепте тұрған сотталғанға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйелге бақылау жүргізу кезінде пробация қызметінің инспекторы сотталғаннан қаржылай сыйақы туралы ұсыныс алды. Бұл әрекеті инспектордың оған деген көзқарасы оң болады деп үміттенген. Сотталған осы жылдың мамыр айынан бастап пробация қызметінде есепте тұр, тіркеуге келмеу үшін банк қосымшасы арқылы 10 мың теңге аударған.
Инспектор бұл әрекет жайында дер кезінде басшылыққа хабарлады. Істің материалдары жиналып, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілді.
– Тексеру нәтижелері бойынша сотталғанның әрекеттері заңсыз деп танылды. Оған қатысты заңсыз материалдық сыйақы ұсынғаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Оған 738 400 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деп хабарлады Маңғыстау облысы ҚАЖД баспасөз қызметі.