Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицияның үздік көмекшілері марапатталды

Павлодарда полицияның үздік көмекшілері марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінде “Қалалық және ауылдық жерлердегі полицияның үздік қоғамдық көмекшісі” байқауы өтті. Байқауға полицияға белсенді түрде көмек көрсетіп жүрген 12 қоғамдық көмекші қатысты.

Ерікті қоғамдық көмекшілер қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысып, учаскелік полиция инспекторларына құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстарды ашу бағытында елеулі көмек көрсетуде. Негізгі басымдық ұсақ құқық бұзушылықтарды анықтауға, азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Бұл ретте қоғамдық құрылымдардың қосып отырған үлесі мен көмегін ерекше атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта облыс аумағында құқық қорғау бағытындағы 281 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Олардың құрамында 700 адам бар. Жыл басынан бері полицияның қоғамдық көмекшілерімен бірлесіп 4 қылмыс ашылып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 185 адам ұсталды.

Байқау облыстық полиция департаментінің психологтарымен бірлесіп ұйымдастырылды. Психологтар қатысушыларға арнайы тренингтер өткізді. Сондай-ақ қатысушылар полиция қызметі мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты сұрақтарға жауап берді.

“Қалалық жерлердегі полицияның үздік қоғамдық көмекшісі” номинациясы бойынша бірінші орынды Рауза Бейсекенова иеленді. Екінші орын Жанна Маркабаеваға берілді.
Ауылдық округтер арасында құрметті бірінші орынға Ержан Смағұлов ие болды.

– Мен полицияға жүрек қалауыммен көмектесемін. Қоғамдағы өз рөлімді, қоғамдық тәртіпті сақтауға қосып жүрген үлесімді сезіну және осындай қоғамдық құрылымдардың жаңа мүшелерімен жинақтаған тәжірибеммен бөлісу мен үшін қуанышты, – дейді Жанна Маркабаева.

Полиция қызметкерлері Жетпыбаев Қайроллаға, Скакова Жанаргульге, Назаренко Татьянаға, Золотова Екатеринаға, Хажипова Аннаға, Гафурова Гульмираға, Шамшиденов Жениске және Нуртазинов Мейрамға да ерекше алғыстарын білдіреді.

Байқау соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар, сондай-ақ ақшалай сыйлықтар табысталды.

– Азаматтарды қоғамдағы құқық бұзушылықтарға төзбеушілік танытуға және оларға қарсы тұруға тарту – жастардың құқықтық санасын арттырудың және оларды ел заңдарын құрметтеуге тәрбиелеудің бір жолы. Тек бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өңіріміздегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне оң ықпал ете аламыз, – деп атап өтті ведомство.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру