Павлодар облысында полиция азаматқа құжат алуға көмектесті
Павлодар облысы көші-қон қызметі қызметкерінің кәсібилігі азаматқа жаңа мүмкіндік сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығына қала тұрғынынан алғыс хат келіп түсті. Азамат көші-қон қызметінің қызметкері Сағындық Шахинге көрсеткен көмегі, кәсіби білімі мен қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарағаны үшін шынайы ризашылығын білдірген.
Ұзақ уақыт бойы ер адам жеке куәліксіз өмір сүріп, тұрғылықты жері бойынша тіркеуде болмаған. Қажетті құжаттарының болмауы күнделікті өміріне елеулі қиындықтар келтірген. Атап айтқанда, зейнеткерлік жасқа жеткеніне қарамастан, зейнетақысын рәсімдей алмаған.
Көші-қон қызметіне жүгінген азамат қажетті кеңес алып, мәселесін шешуге тиісті көмек көрсетілді. Қызметкер Сағындық Шахиннің мұқият әрі жауапты көзқарасының арқасында ер адам қажетті рәсімдерден өтіп, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алды және тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрды.
Алғыс хатында азамат қызметкердің кәсібилігін ғана емес, адамға деген жылы қарым-қатынасын да ерекше атап өткен.
- Енді мен кәсіби қызметтік қарым-қатынастың арқасында толыққанды өмір сүре аламын, – деп жазған ол.
Бұл жағдай көші-қон қызметі саласында азаматтарға мұқият, сауатты әрі жанашырлықпен қараудың маңыздылығын көрсетеді. Өйткені әрбір өтініштің артында нақты адамның тағдыры, өмірлік жағдайы және шешімін күткен мәселесі тұр.
Қызметтік міндетті адал әрі кәсіби орындау – заң талаптарын сақтаумен ғана шектелмейді. Бұл азаматтардың өз құқықтарын қалпына келтіруіне, қажетті құжаттарын рәсімдеуіне және өмірін қалыпты арнаға түсіруіне мүмкіндік беретін маңызды қызмет.
Сағындық Шахиннің жұмысы – мемлекеттік қызметкердің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамауы адам өміріне оң өзгеріс әкелетінінің жарқын мысалы.
